Ал келесі отырыс Минск қаласында 2020 жылдың 9-10 сәуірінде өтеді
Асқар Мамин 2021 жылдың соңына дейін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге мемлекеттік сатып алуларды толықтай электронды форматқа көшіруді ұсынды. Бүгін Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген және шағын құрамдағы отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оған бес елдің Армения, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей Федерациясының үкімет басшылары қатысты. Кеңесте осы елге мүше елдер экономикалық қарым-қатынасты дамыту, сауданы жетілдіру, тауар айналымды арттыру мәселелерін кеңірек талқылады. Одан бөлек, күн тәртібінде өзекті 12 мәселе қаралды.
«Электрондық цифрлық қолтаңбаларды өзара мойындау арқылы электронды форматта жүргізілетін мемлекеттік сатып алуларға қатысуды қамтамасыз ету бұл біздің мақсаттардың бірі. Бүгінде кедергілер тізілімі жүргізіліп жатыр. Онда 68 кедергі көрсетілген. Біз 3 жыл бұрын бұл тізілімді 60 кедергіден бастаған болатынбыз. Бұл көрсеткішті азайтудың орнына, біз өкінішке орай, жаңа кедергілер туындатып немесе оларды жоюды көпке созып жылдан-жылға олардың санын көбейтіп келеміз», - деді ҚР Премьер-министрі Асқар МАМИН.
Шараға қатысқандар еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы нәтижелі жұмыс істе келе жатқанын жеткізді. 6 жыл ішінде кәсіпкерліктің дамуына қол созып, тауар айналым көлемі артқан. Отырыстың аясында тиісті шешімдерге, өкімдер мен тапсырмаларға қол қойылды. Ал келесі отырыс Минск қаласында 2020 жылдың 9-10 сәуірінде өтеді. Айта кетейік, Еуразиялық экономикалық одаққа бақылаушы статусын алған Молдованың қызметі ақпан айында аяқталады.