Ата заңның 33-бабына 56 түзету енгізу көзделген
Тұңғыш Президент өкілеттіліктері мен «Елбасы» термині Конституциядан алынып тасталады. Бұл туралы Конституциялық кеңестің аппарат жетекшісі Бақыт Нұрмұханов айтты, деп хабарлайды Almaty. tv тілшісі.
Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай конституциялық түзетулермен айналысып жатқан жұмыс тобы осындай шешімге келген. Енді Конституцияда 46-бап болмайды. Яғни, «Елбасы» деген термин де қолданылмайды. Тек Тұңғыш Президенттің мәртебесіне қатысты «Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы» деген сөз ғана қалады. Ата заңның 33-бабына 56 түзету енгізу көзделген.
«Екі бөлімнің атауы өзгереді. Сонымен алғанда Ата заңның бүкіл бөліміне өзгеріс енгізіледі. Конституциялық кеңеске арналған бөлім Конституциялық сот болып, сот және сот төрелігі деген 7-бөлімнің атауына прокуратура және адам құқықтары жөніндегі уәкіл деген сөздер қосылады. Өйткені, бұл бөлімде аталған институттарға арналған баптар бар», –деді Конституциялық кеңестің аппарат жетекшісі Бақыт Нұрмұханов.
Ал заңгер Марат Башимов еліміздің Ата заңына енгізілетін түзетулер мен өзгертулер жобасының ауқымды бөлігі адам құқығы мәселелеріне арналғандығын айтты. Оның айтуынша саяси шешімдердің басты мақсаты – халыққа пайда әкелу.
«Бірінші мақсат - адам құқығының қорғалуы. Заң дұрыс, конституцияға сәйкес болу керек. Әр заң мәжілісте қабылданады. Мемлекеттік Президенттік Республикадан біз екінші Республика құрып жатқанымыз да сол ғой. Екінші Республика деген - Парламенттің күшеюі», – деді заңгер Марат Башимов.
Айта кетейік, Конституциялық сот құру ұсынысы да Президент жолдауында айтылған болатын. Мұны іске асыруға мамандар кірісіп те кеткен.
Қаламқас Нысанбай, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы