Қазақстан бірқатар беделді халықаралық ұйымдар мен платформаларға төрағалық етті, бұл өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге ықпал етті
Қазақстан БҰҰ Жарғысына қатаң сәйкестікте кең ауқымды көпжақты ынтымақтастыққа бейілділігін айқын көрсетіп отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы қыркүйектегі халыққа Жолдауында мәлімдеді. Мемлекет басшысы еліміздің халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелерін шешуде белсенді рөл атқаратынын атап өтті. 2024 жылы Қазақстан бірқатар беделді халықаралық ұйымдар мен платформаларға төрағалық етті, бұл өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге ықпал етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ), Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім саралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ), Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуіне және Халықаралық Аралды құтқару қорына (ХАҚҚ) табысты төрағалық ету Қазақстанның халықаралық ықпалын нығайтудағы маңызды қадам болды, сондай-ақ дипломатиялық мүмкіндіктерді кеңейтті.
Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету барысында экономикалық ынтымақтастықты, қауіпсіздікті, экологиялық бастамаларды және цифрлық трансформацияны қоса алғанда, кең ауқымды тақырыптарды қамтитын 160-тан астам іс-шара өткізілді. Шарттық база қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын 60 жаңа құжатпен толықтырылды. Қазақстан Еуразия экономикасының, саудасының, көліктік және логистикалық байланысының континенттік белдеуін қалыптастыруға бағытталған Ұйымның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясына бастамашы болды. Төрағалықтың басты іс-шарасы ретінде алғаш рет «ШЫҰ плюс» форматында өткен Астана саммиті болды.
АӨСШК төрағалығының негізгі жетістігі институционалдық дамудың жаңа кезеңіне көшу болды. Трансформацияның жол картасы аясында Жарғы мен Рәсімдер ережелері әзірленді, Сенім шараларының каталогы жаңартылды, Даналар кеңесі, Талдау орталықтарының форумы және АӨСШК қоры құрылды. Қазақстан қатысушы елдердің өзара іс-қимылын цифрландыру бойынша бастама көтеріп, деректер мен талдамалық материалдармен алмасу платформасын іске қосты.
Түркі мемлекеттерінің ұйымына төрағалық ету «TURKTIME!» ауқымды бағдарламаның іске қосылуымен ерекшеленді, сондай-ақ мәдени және экономикалық интеграцияны нығайтуға ықпал етеді. Мемлекет басшысының осы бастамасы аясында білім беру, ғылыми зерттеулер және кәсіпкерлік саласындағы жобалар іске асырылды. Тұрақты өкілдер механизмі құрылды, мемлекеттік рәміздер біріздендірілді, стратегиялық жобаларды қолдауға бағытталған Инвестициялық қор құрылды. Қатысушы елдер арасында 45 млрд АҚШ долларынан асқан өзара сауданың айтарлықтай өсуі экономикалық ынтымақтастықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
ҰҚШҰ-ға төрағалық ету барысында Қазақстан трансшекаралық қылмыс, терроризм және есірткінің заңсыз айналымы сияқты өзекті қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі бастамаларды ілгерілетуге назар аударды. Мемлекет басшыларының кездесулерін, тақырыптық дөңгелек үстелдер мен әскери жаттығуларды қоса алғанда, 80-нен астам іс-шара өткізілді. Тәжік-ауған шекарасын нығайту бағдарламасы бойынша 10 жылдық жұмысты аяқтауға ерекше назар аударылды.
Халықаралық Аралды құтқару қорындағы қазақстандық төрағалықтың (2024-2026 жылдары) күш-жігері ХАҚҚ жетілдіру процесін аяқтауға, өңірдің су-энергетикалық ресурстарын басқарудың өзара тиімді механизмін әзірлеуге, экологиялық бағдарламалардың уақтылы және сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ климаттың өзгеруінің салдарын еңсеру мақсатында келісілген шаралар қабылдауға шоғырланған.
Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов: Инвестиция тарту – әкімдер мен министрлердің басым міндеті