Қазақстанда күзде кезектен тыс Президент сайлауы өтуі мүмкін. Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ұсыныс жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынып, оған өзі де түсетінін айтты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы президент мандатының ұзақтығын 7 жылға ұзартуды, бірақ бір мерзіммен шектетуді ұсынды. Яғни президент болып сайланған адам 7 жыл елді басқарады, алайда келесі сайлауға түсе алмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылдың бірінші жартысында Парламент пен мәслихат депутаттарының сайлауын өткізуді де ұсынды. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында елдегі саяси институттар толығымен жаңартылмақ. Саяси реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен жүзеге асырылып жатыр» деген Тоқаев, референдумдағы өзгерістерді тәжірибеде қолдануды қазірден бастау керегін айтты.
«Реформалардың мазмұны жан-жақты толыға бермек. Жалпыұлттық ынтымақты және билік пен қоғамның серіктестігін нығайта береміз. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды. Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Жолдауда Президент Үкімет құзыретінің бір бөлігі министрліктерге берілуі қажет деді. Яғни «ұжымдық кабинет» емес, нақты министр салалық саясатқа жауапты болуы керек. Ал Үкімет салааралық мәселелерді шешуге назар аударады. Сонымен қатар, қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек деген ойда. Қасым-Жомарт Тоқаев «Жоғарғы сот судьяларын сайлау арқылы таңдау тәсілін енгізу дұрыс болады» дейді.
«Қазылар жоғары білікті, адал, жемқорлықтан таза болуы қажет. Ең әуелі, барлық судьялардың мәртебесін теңестірген жөн. Олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы керек. Көптеген сот төрағасы лауазымы судья лауазымы болып өзгереді. Сот төрағасы және Сот алқасының төрағасы лауазымына үміткерді судьялар өздері сайлайтын тәсіл енгізуді ұсынамын. Жоғарғы Сот судьяларын да сайлау арқылы таңдау тәсілін енгізген жөн. Ол үшін Президент үміткерлерді баламалы негізде Сенатқа ұсынуы керек», – деді Мемлекет басшысы.
Келесі жылы елде саяси институттармен бірге Үкіметтің де құрамы жаңаруы мүмкін. Себебі Президент бүгін Әлихан Смайыловтың командасына тағы да ескерту жасады. Тоқаев жанармай мен қант тапшылығы туындағанда Үкімет дереу шара қолданбады деді. Осылай жалғаса беретін болса, нақты кадрлық ауыс-түйіс жасауға тура келетінін айтты.