Институт басшысы алдағы кезектен тыс сайлаудың өткізілуі бірнеше факторға байланысты екенін айтады
Президентті 7 жылға бір мерзімге ғана сайлау - саяси монополия нәтижесінде пайда болатын олигархаттың алдын алу жолы. Бұл туралы Қазақстандық қоғамды дамыту институтының басқарма төрағасы, саясаттанушы Қазбек Майгелдинов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында саяси реформалардың жалғасы ретінде биыл Президент сайлауын, келесі жылы Парламент сайлауын кезектен тыс өткізу туралы ұсыныс жасады. Қазіргі таңда осы екі ұсыныс аясында Парламент Конституциялық заңға қандай да бір өзгеріс енгізуі керек. Меніңше, бұл өзгерістер, әсіресе Президент сайлауын кезектен тыс өткізу, президентік мерзімді бір рет 7 жылға белгілеу алдағы аптада қолға алынуы тиіс. Өйткені, Президент айтқандай, күзде кезектен тыс сайлау өтуі қажет», - деді саясаттанушы.
Институт басшысы алдағы кезектен тыс сайлаудың өткізілуі бірнеше факторға байланысты екенін айтады.
«Біріншіден, Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл саяси монополияның алдын алу үшін жасалып отыр. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық тарихында болған президенттік жүйенің салдарынан суперпрезиденттік жүйе қалыптасты. Жаз айында өткен Конституциялық реформаның негізінде аталған суперпрезиденттіктен классикалық президенттік жүйеге өтуге алғашқы қадам жасалды. Енді осы бастаманы реформаның жалғасы деп білу керек. Яғни, суперпрезиденттік жүйеден түпкілікті кету деген сөз. Екіншіден, алдағы уақытта Президент бір мерзімге ғана сайлану арқылы 7 жылдық мандат алады. 7 жылдың ішінде қандай да бір реформаны бастап, түпкілікті аяқтауға жететін уақыт деп қарау керек. Мәселен, АҚШ, Батыс елдерінде Президент 4 жылдан екі мерзімге сайланады. Яғни, 8 жыл билікте болады. Демек, 7 жылдық бір мерзім осы стандартқа сай келеді. Сонымен қатар бұл ТМД елдерінде бұрын-соңды болмаған қадам», - деді Қазбек Майгелдинов.
Оның атап өтуінше, Президенттің 7 жылға сайлануы елдегі саяси тұрақтылықты сақтауға септігін тигізеді.
«Мемлекет басшысын 7 жылға сайлау Конституция нормасына сай. Себебі, кезектен тыс сайлау өтпеген жағдайда 2024 жылғы сайлауда Президент 5 жылға сайланып, президенттік мерзім 2029 жылы аяқталар еді. Ал 7 жылға биыл сайланса, онда сол 2029 жылдың межесіне жетеді», - деді ол.
Саясаттанушының атап өтуінше, Президент мерзімін 7 жылға созу бастау алған реформаларды аяқтау үшін жасалып отыр.
«Бір жағынан саяси тұрақтылық үшін жасалады. Ал саяси тұрақтылық шетелдік инвесторлар үшін өте маңызды. Яғни елімізге инвестиция тартуға септігін тигізеді. Екінші жағынан қазіргі таңдағы геосаяси турбуленттік заманда ішкі саяси тұрақтылықты сақтау үшін маңызды қадам саналады. Ең бастысы саяси монополия нәтижесінде пайда болатын олигархаттың алдын алу жолы деп есептеу қажет», - деді Қазбек Майгелдинов.