Алматылық кәсіпкерлер: Жолдау – бизнесті дамытуға серпін береді

03.09.2021 23:17

Үкімет тілегемізге құлақ түрді. Оған Президент Жолдауындағы жаңа реформалар дәлел. Алматылық кәсіпкерлер мемлекет басшысының бастамаларын осылайша жылы қабылдады. Еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізу, техникалық мамандарды тегін дайындау «естуші мемлекет» қағидатының бірден-бір көрінісі дейді олар, деп хабарлайды Almaty.tv

Президент осы жолғы Қазақстан халқына Жолдауында пандемиядан жапа шеккен кәсіпкерлік саласына ерекше ден қойды. Осы ретте тиімділігін дәлелдеген «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары 2022 жылға дейін дейін ұзартылды.

«Кәсіпкерлікті қаржыландыру бағдарламалары жалғасын тауып, іске асыру үшін кем дегенде бір триллиондай ақша бөлінетін болды. Аграрлық-өнеркәсіп саласында да мәселелер көп. Президент осы салаға байланысты бірқатар міндеттер қойды. Әрине, ендігі кезекте министрліктер, әкімдіктер  ұлттық кәсіпкерлік палатасы тапсырмалар бойынша тиімді шаралар қабылдауын күтеміз. Нақты әрекеттер болса дейміз», – деді Raimbek Group директорлар кеңесінің төрағасы Райымбек Баталов.

Мамандардың айтуынша, өнеркәсіп орындарында техникалық қызметкерлер тапшы. Жолдауда мемлекет басшысы енді жұмыссыз әрі білімсіз жастардың техникалық мамандықтарда тегін оқитынын айтты.

«Бізге, кәсіпкерлерге кадрлар жетіспейді. Кәсіби, техникалық мамандардың жоқтығы қазір осы саладағы үлкен мәселе болып отыр. Мемлекет басшысы техникалық мамандарға тегін білім беру керектігін атап өтті. Бұл, әрине, барлығымызды қуантты. Себебі, кәсіпкерлер үшін жақсы жаңалық», – деді «Қазақстан Кәсіпкерлерінің форумы» ЗТБ-нің атқарушы директоры Мунавара Палташева.

Мемлекет басшысы микро және шағын кәсіпкерліктің еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлем көлемін 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетуді тапсырды.

«Президент өзінің соңғы Жолдауында салыққа қатысты өз көзқарасын білдірді. Оны жеңілдету керек деген шешім қабылдады. Менің ойымша, бұл қазақстандық кәсіпкерлердің өмірін жеңілдететін құралдардың бірі. Себебі, жалақыны 6 төлемге бөліп, осы төлемдердің ең төменгі шегін біліп жүру оңай емес. Және бірыңғай төлем көлемінің төмендейтіні де жағымды хабар. Енді бастамалардың тезірек қолға алынуын күтеміз», – деді ҚР рестораторлар клубы қауымдастығының негізін қалаушы Ирина Лебедева.

Сондай-ақ, жолдау аясында кәсіпкерлерге қызметкерлерінің жалақысын өсіруге ынталандыратын шаралар әзірленеді. Еңбекақыны көтерген жұмыс берушілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.

Сымбат Ноғай, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы 

Теги: жолдау