45 адам қауіпсіз жерге орналастырылды
Елорда маңындағы «Аstana Resort» экокешенінде тұтанған өрт толығымен сөндірілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Кеше Ақмола облысының Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылында «Аstana Resort» демалыс үйі өртке оранған болатын. Аталған экологиялық кешен аумағындағы 3 қонақүй, 1 сауна, 1 асхана жанды. Елордадан алғашқы өрт сөндірушілер келіп жеткенге дейін кешен аумағынан 45 адам қауіпсіз жерге орналастырылды.
«Өрт сөндірушілер ұйымдасқан әрі жедел әрекеттерімен сағат 17. 10-да жалынның таралуын тоқтатып, 19. 00-де толық сөндірді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Оқиға себебі анықталып жатыр. Қызыл жалын шарпыған болжамды аумақ 1106 шаршы метрді құрайды. Өртті сөндіруге Нұр-Сұлтан қалалық және Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаменттерінің, «Астана орманы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бөлімшелері жұмылдырылды», – деп атап өтті елордалық Төтенше жағдайлар департаменті.