Алматы-Ташкент-Термез тасжолындағы жол апатынан екі адам қайтыс болды

09.08.2023 00:48

Іске қатысты құзырлы орган өкілдері тергеу жұмысын бастады

polisia.kz.

Түркістан облысы Қазғұрт ауданы маңында жантүршігерлік жол апаты болды. Автобус пен жүк көлігінің соқтығысуынан бірнеше адам ажал құшты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Белгілі болғандай, Жетісайдан келе жатқан жолаушылар көлігінің дөңгелегі жарылып, жүргізуші рөлге ие бола алмай қалған. Осылайша, жол ортасындағы темір қоршауды кесіп өтіп, қарсы бетте келе жатқан жүк көлігіне соғылыпты. Автобусты тізгіндеген жүргізуші тілге келмей жан тапсырды.

– Алты науқас түсті. Оларды жедел-жәрдем көлігі және ТЖМ жеткізді. Барлық маман тексеріп, 2 науқас жансақтау бөліміне жатқызылды, жағдайы өте ауыр. Олардың сан сүйегі сынған, миы шайқалған, – деді №1 қалалық клиникалық ауруханасы қабылдау бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы Мадияр Асылханов.

Ауыр жағдайда жеткізілген тағы бір жолаушы ауруханада жан тапсырды. Қазір бұл іске қатысты құзырлы орган өкілдері тергеу жұмысын бастады.

– Аталған автобус апатқа дейін Жетісай қаласынан Астана қаласына жолаушы тасымалдаған. Түркістан полицейлері барша жүргізушілерден жолда жол ережесін міндетті түрде сақтауға және автокөліктің бөлшектерін тексеріп алған соң ғана жолға шығуға кеңес береді. Қазіргі таңда оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігімен тергеу амалдары жүргізілуде, – деді Түркістан облысы ПД анықтау басқармасының аға анықтаушысы Нұрислам Абдулла.

Оқи отырыңыз: Шымкентте анасы мен қызын қағып кеткен полиция қызметкері қамауға алынды