Өртті сөндіруге 32 өрт сөндіруші мен 11 техника жұмылдырылған
Оралда балабақша өртеніп, бір адамды күйік шалған. Бұл туралы БҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тимофеева, 22 мекенжайындағы «Айлин 3» балабақшасындағы өрт кеше 17.01-де басталған.
Өрт сөндірушілер келген кезде шамамен 350 шаршы метр аумақты құрайтын 3 қабатты үйдің шатыры өртеніп жатқаны анықталды. Өртті сөндіруге 32 өрт сөндіруші мен 11 техника жұмылдырылған.
Орал қаласы ТЖ бастығының орынбасары Ерлан Айтқалиев айтуынша, қазір балабақша жөндеуге жабық, онда балалар болмаған.
«Жәбірленуші бар, ол шатырды жөндеп жатқан жұмысшы. Өрттің себебі анықталуда», – деді Ерлан Айтқалиев.
БҚО Денсаулық сақтау басқармасы өрттен 48 жастағы ер адамның зардап шеккенін айтты. Ол екі аяғынан 1-2 дәрежелі термиялық күйік алған.