Қызылордалық тұрғындар өрттен аман қалды

21.04.2020 14:04

Мән-жайларды анықтау үшін оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылды

polisia.kz

Қызылордалық полицейлер мен Ұлттық ұлан сарбаздары тұрғындарды өрттен құтқарды, деп хабарлайды Polisia.kz.  

19 сәуір күні сағат 16:00 шамасында Қызылорда қалалық Полиция басқармасының Жедел басқару орталығының инспекторы Нұрлан Қарлыбаев және ҚР ІІМ-нің №5547 Ұлттық ұлан сарбаздары Кирилл Лосицкий мен Нияз Дәулет қызмет атқару барысында Тәуелсіздік даңғылындағы көпқабатты тұрғын үйдің 2 қабатындағы балконнан қалың түтінді байқайды. Олар шұғыл қызметке хабарлап, дереу пәтерге кіріп, тұрғындарды балаларымен бірге қауіпсіз жерге шығарады.

Сонан соң, өрт сөндірушілер келгенге дейін өртті сөндіруге кірісті. Полиция қызметкерлері мен сарбаздардың жедел шешім қабылдауының арқасында өрт салдарынан зардап шеккендер жоқ. Мән-жайларды анықтау үшін оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайлары анықталуда. Үй тұрғындары болса, ойланбастан көмекке келіп, оларды аман алып қалған тәртіп сақшылары мен сарбаздарға алғыстарын жаудырды.