Тексеріс барысында күдіктінің ата-анасымен және екі ағасымен тұрғаны анықталды
Жаркент қаласындағы үйлердің бірінен 30 жастағы ер адамның денесі табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі облыстық ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тексеріс барысында марқұмды 21 жастағы інісі өлтіргені белгілі болды. Ол өз кінәсін мойындады.
Оқиға болған күні күзетші болып істейтін әкесі анасымен бірге түнгі ауысымдағы жұмысқа кеткен. Екі ағасы да үйде болмаған. Ішімдікке тойып алып қонақтан келген үлкен ағасы інісін түн ортасында оятып алады. Жігітті "құр босқа жүрсің" деп айыптаған ол інісінің компьютерін сындырған. Ашуға мінген жігіт ағасы ұйықтап қалған соң оның басынан бірнеше мәрте балғамен ұрып өлтіреді.
"Аталған дерек бойынша күдіктіге қатысты ҚК-тің 99-бабы, 1-бөліміне (Адам өлтіру) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыс құралы — балға тәркіленіп, заттай айғақ болып танылды", – делінген хабарламада.