Алматыда ұрылар Олимпада чемпионы Дмитрий Баландиннің көлігінің айнасын ұрлап кетті

01.04.2019 14:20

Спортшы дәмханада достарымен бірге түскі ас ішіпті, сыртқа шыққанда көлігінің айналары жоқ екенін байқаған

Алматыда суға жүзуден Олимпиада ойындарының чемпионы Дмитрий Баландиннің көлігіне ұры түсіп, айналарын шешіп әкеткен деп жазады inalmaty.kz.

Қылмыстық оқиға Құрманғазы, Абылай хан және Байсейітова көшелерінің шеңберінде болған. Спортшы дәмханада достарымен бірге түскі ас ішіпті, сыртқа шыққанда көлігінің айналары жоқ екенін байқаған. Ол дереу полицияға хабар беріп, арыз жазған.

«Менде Toyota Land Cruiser маркалы автокөлік еді, оны маған Олимпиада ойындарынан кейін сыйға тартты. Оның бір айнасы шамамен 400 мың теңгедей тұрады. Біз марқұм Денис Тенді өлтірген жерге жақын маңда едік. Адамдар мұнда ұрлық жасауды жалғастыруда, бұл әрине түсініспеушілікті тудырады. Халқымыз еш өзгермейді екен», - деп жазды Дмитрий Баландин әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, былтыр да ұрылар көлігінің айнасын шешіп кеткен екен. Ол кезде де полиция қылмысты аша алмаған.

Еске салайық, былтыр Алматыда автоұрылар мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің көлігінің айнасын ұрлаймыз деп, спортшының өзін пышақтап өлтірген болатын.