Қайғылы жағдай 19 шілде күні болған
Ақмола облысында Жалтыркөл ауылынан 5 шақырым жерде Есіл өзеніне шомылған екі оқушы қыз суға батып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қайғылы жағдай 19 шілде күні болған. 12 және 15 жасар екі жасөспірім қыз туыстарымен бірге шомылуға арналмаған жерде өзенге түскен.
«Қыздардың біреуінің әкесі олардың ағып бара жатқанын байқап қалып, көмекке ұмтылған. Алайда қатты ағыс бой бермей, екі қызды ағызып әкеткен», – деп мәлім етті облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Құтқарушылар екі қыздың отбасына қайғырып көңіл айтады.
Облыстың бас құтқарушысы Алексей Советовтың айтуынша, шомылу маусымы басталғалы өңірде 14 адам суға батып, көз жұмған. Оның төртеуі – балалар.
«Ақмолалықтар соңғы күндердегі аптап ыстық кезінде карантинге қарамастан суға түсіп жатыр. Шомылу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтап, барынша абай болу керек. Мас күйде шомылуға болмайды және балаларды қараусыз қалдырмаған абзал. Тек қана арнайы жабдықталған жерде суға түсіңіздер. Бейтаныс жерде шомылмаңыздар және қалтқыдан әрі аспаған дұрыс. Жүзе алмайтындар тек қана құтқарушылар бекеті жұмыс істеп тұрған жағалауда, тереңдігі 1,2 метрден аспайтын жерде суға түссін. Осы талаптарды сақтау арқылы өміріңізге қауіп төнбейді. Әлгі суға кеткен екі қыз да жүзу білмейтін еді», – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы.