Денесін күйік шалған 10 адам ауруханаға жатқызылды
Ақмола облысының Шортанды кентінде жантүршігерлік жарылыс болып, 3 адам қаза тапты. Тағы 10 адам түрлі жарақатпен аудандық орталық ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Төтеншеліктердің мәліметінше, ауылдағы Линейная көшесіндегі үйлердің бірінде газ баллоны жарылған. Қайғылы оқиға туралы хабар полиция пунктіне түнгі сағат 9.30 шамасында келіп түскен. Жарылыс үш пәтерден тұратын жер үйде болған. Өрттің аумағы шамамен 350 шаршы метрді алыпты.
«Оқиға орнына жеткенде жарылыс үш пәтерлі барак типтес үйде болғаны анықталды. Үйдің шатыры толық өртеніп кеткен. Өртті сөндіруге 35 қызметкер мен 7 техника жұмылдырылды. Қызыл жалын сағат 22:35-те толықтай ауыздықталды. Қазір тексеру және зерттеу жұмыстары жүріп жатыр», – деді Ақмола облысы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев.