ШҚО-да қорадағы мал қырылып қалды

elements.envato.com
elements.envato.com
Белгісіз аң бір үйдің 15 қойын қырып кетті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жыртқыш Самар ауданына қарасты Көкжота ауылындағы тұрғынның қорасына түскен, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Massaget.kz-ке сілтеме жасап. 

Әкімдіктің мәліметінше, белгісіз аң Болғанбаев көшесінде тұратын Еділхан Сарбасов есімді азаматтың 15 бас қойын қырып, 10 қойын жаралады. Көкжоталықтардың айтуынша, мұны істеген жабайы ит болуы мүмкін емес. 

- Олар әдетте өлі малға ауыз салады, - деді ауыл тұрғындары.

Аталған елдімекенге аудан басшысы Нұрлан Махамбетов, ауылдық округ әкімі және жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері барып, жағдайдың ақ-қарасына үңілді. Олардың айтуынша, малға ойран салған жыртқыш қораға есіктің түбін қазып кірген.

- Сілеусін шығар деп топшылаудамыз. Қасқыр болса қойларды жарып кетер еді, ал бұл тек қанын ішкен. Жаралы 10 қой да бауыздалды, - деді әкімдік өкілдері.

Анықталғандай барлығын ауылдағы мал өлексесін көмуге арналған орынға тастайды. 

- Өйткені аңның сілекейінде қауіпті ауру болуы мүмкін. Қазір ауылдық округ әкімдігі келтірілген шығынды есептеп жатыр, - деді аудан әкімінің орынбасары Қайдар Сұрашев.

Кей тұрғындар "егер қанын ішіп кетсе, мұны істеген қарабауыр болуы ғажап емес" дегенді де айтты. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. 

Оқи отырыңыз: Ауылға барып жұмыс істейтін дәрігерлерге көтерме ақы беріледі

Новости партнеров