Облыстық ауруханаға алғашқы тәуліктің өзінде 20 бала түскен
Шымкенттік дәрігерлер Арыстағы жарылыстардан зардап шеккен балалардың жағдайы туралы айтып берді. Бүгінде ауруханада алты бала жатыр, деп хабарлайды Otyrar порталы.
Облыстық ауруханаға алғашқы тәуліктің өзінде 20 бала түскен. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін, олардың 14-і жіберіліп, алтауы ауруханада қалдырылған.
«Алты баланың бесеуі бас сүйек-ми жарақатын алған. Үшеуі палатада жатыр. Жағдайлары тұрақты. 1,5 айлық шақалақ жаңа туған нәрестелерге арналған жансақтау бөлімінде жатыр. Оның да жағдайы тұрақты. Тағы бір балаға ота жасалды. Оның аяғы мен көкірек қуысы жарақаттанған. Дер кезінде диагноз қойылып, ота жасалды. Қансырау,тыныс алу жолдарының зақымдалуы болды. Оның бәрін емдедік. Қазіргі уақытта бала жансақтау бөлімінде жатыр. Есін біледі, жағдайы тұрақты. Тағы бір 2005 жылғы бала бас сүйек-мидың ауыр жарақатын алған. Сарыағаш аудандық ауруханасына жатқызылған. Артынша санавиация желісі арқылы бізге жеткізілді», – дейді бас дәрігердің хирургия бойынша орынбасары Әбдішүкір Егізбаев.
Сонымен қатар 14 жастағы бала үшін Алматыдан балалар нейрохирургі шақырылыпты. Түнде ол жеткіншекті тексерген. Қазіргі уақытта ем-дом жүргізілуде.
Еске сала кетсек, 24 маусымда Арыс қаласында жарылыс болғанын хабарлаған едік. Оқиғаға қатысты Қорғаныс министрлігі пікір білдіріп, мән-жайды түсіндірді.