БҚО-да сәбізге қақалып қалған сәби көз жұмды

04.01.2023 14:55

Қайғылы оқиға 31 желтоқсан күні аудан орталығы Теректі ауылында болған

Pixabay

Батыс Қазақстан облысында сәбізге қақалып қалған 1 жас 7 айлық сәби көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Теректі аудандық ауруханасынан түскен мәліметке қарағанда, қайғылы оқиға 31 желтоқсан күні аудан орталығы Теректі ауылында болған. Сағат 13:20-да 1 жас 7 айлық сәби Теректі аудандық ауруханасының қабылдау бөлмесіне жеткізілген. Онда тіршілік белгілері болмаған. Кезекші дәрігер мен медицина қызметкерлерінің жедел жансақтау шараларын жүргізгеніне қарамастан, жарты сағаттан кейін, 13:50-де биологиялық өлім тіркелді.

«Анасының сөзіне қарағанда, үйінде ойнап жүрген ұл бала шикі сәбіз жеген. Қатты жөтелгенін естігеннен кейін оған жүгіріп жеткен анасы көмектеспек болып, арқасынан қаққан. Сәбіздің бір бөлігі шыққанымен, бала көгеріп, тыныс алуы қиындап кеткен. Жедел жәрдем шақырып, баланы көтеріп көшеге шығып, өтіп бара жатқан автокөлікпен ауруханаға әкелген. Баланы қараған кезде ол демалмаған, басқа да тіршілік белгісі болмаған. Барлық іс-шаралар жүргізілгеннен кейін полицияға хабарланған. Баланың мүрдесі учаскелік дәрігер мен полиция қызметкерінің қатысуымен сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Сот-медициналық сараптама жүргізген маман баланың тұншығып қайтқаны, тыныс алу жолдарының бөгде затпен (сәбізбен) бітеліп қалғаны жөнінде анықтама берді», - деп хабарлады ауруханадан.

Оқиғаны БҚО денсаулық сақтау басқармасы растап, Теректі ауданы бойынша 1,7 жасар баланың өлімі тіркелгенін жеткізді.