Түркістан облысында полицейлерге пара ұсынған жүргізуші ұсталды

13.01.2020 15:04

Тексеру кезінде жүргізушіде көлік құралын тіркеу куәлігі, міндетті сақтандыру шарты және жүргізуші куәлігі жоқ екені анықталды

today.kz

Кентау қаласында полицейлерге пара беруге тырысқан жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Кентау қаласындағы көшелерді патрульдеу кезінде Түркістан облысы ПД ЖПҚ патрульдік полиция батальонының автоэкипажы жергілікті тұрғынның тізгініндегі «Мерседес Бенц» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Автокөлік жүргізушісі М. Әуезов көшесінің бойымен қозғалғанда қарама-қарсы бағытта келе жатқан көлік құралдарының қозғалысына кедергі келтірген.

«Тексеру кезінде жүргізушіде көлік құралын тіркеу куәлігі, міндетті сақтандыру шарты және жүргізуші куәлігі жоқ екені анықталды. Әкімшілік құқық бұзу туралы хаттама жасау барысында «Мерседес» көлігінің жүргізушісі полиция қызметкерлеріне жауапкершіліктен жалтару үшін 7 мың теңге ұсынған. Пара беру ретінде қаралатын бұл әрекетке полиция тарапынан ескерту жасалды. Алайда оған қарамастан жас жүргізуші өз іс-әрекетінің қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын біле отырып, ақшаны қызметтік көліктің панеліне қойған. Бұл жайт полицейлердің бейнежетонында тіркелді» делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша Түркістан облысы ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы ҚР ҚК 367-бабының 1-бөлігі «Пара беру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр. Ер адам өз кінәсін толық мойындады. Күдіктіге қатысты ҚР ӘҚБтК үш бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Тәртіп бұзушының автокөлігі айып тұрағына қойылды.