Оқиға тапа-тал түсте қаланың ықшамаудандарының бірінде болған
Павлодарда ер адам әйел мінген көлікке отырып, оны пышақпен қорқытып, жүруді талап еткен. Оқиға тапа-тал түсте қаланың ықшамаудандарының бірінде болған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
37 жастағы жергілікті тұрғынның айтуынша, ол автобус аялдамасының маңында тоқтап, күйеуін күтіп тұрған. Кенет көлігінің есігі ашылып, артқы орынға қара медициналық бетперде киген адам отырған.
«Артыма қарап, бірден оның шығуын талап еттім. Ол маған «Үндемейғ алға жүр, мен қарулымын. Күш қолданбай тұрғанда жүр» деді. Жүріп кеттім, жол бойында орындығымды артқа қарай жылжытып көрдім. Мұны байқаған жігіт полиция ізіне түскенін айтып, айғайлай бастады, өлтіре салу түкке де тұрмайтынын айтты», - дейді павлодарлық келіншек.
Оның айтуынша, бағдаршамға жеткен соң көлігін тоқтатқан, осы кезде оған күйеуі телефон соққан.
«Тұтқаны көтердім де, көлік есігін ашып қалдым. Осы кезде артта отырған жігіт маған қарай пышақпен ұмтылды. Кілтті шығарып үлгеріп, қашып шықтым», - дейді әйел. Артта отырған жігіт алдыңғы орынға ауысып алған, бірақ оталдыра алмаған соң көліктен қашып шыққан.
«Тапа-тал түсте қаланың орталығында осындай шабуыл жасалады деп ойламаппын. Бірнеше минуттың ішінде зәрем ұшты. Мен көмек сұраған жүргізушінің әрекеті де таңғалдырды. Шошып қалғандықтан басқа көліктегі адамдардан көмек сұрай бастадым. Ессіз біреу деп қарап отыра берді. Ешкім есігін ашпады, тоқтап тұрған «Газельге» отырып алдым», - дейді павлодарлық.