Қайғылы оқиға 9 қаңтарда сағат 18:30 шамасында Доссор-Бейнеу тасжолында болған
Атырауда жол апатынан жедел жәрдем қызметкері қаза тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаментінен хабарлағандай, қайғылы оқиға 9 қаңтарда сағат 18:30 шамасында Доссор-Бейнеу тасжолының 74-шақырымы тұсында болған.
«Төрт автокөліктің қатысуымен ірі жол-көлік оқиғасы болып, 1995 жылы туған азаматтың басқаруындағы «ГАЗель» автокөлігі жедел-жәрдем автокөлігімен және 1993 жылы туған азаматтың басқаруындағы IVECO автокөлігі Rolfo Sirio автокөлігімен соқтығысқан. Оқиға салдарынан жедел-жәрдем автокөлігінің 1964 жылы туған медицина қызметкері оқиға орнында қаза тапты. Қазіргі таңда тиісті іс-құжаттар жинақталуда», - делінген ПД хабарламасында.
Айта кетейік, «ГАЗель» автокөлігінің жүргізушісі мен жедел-жәрдем көлігінің жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Осы ретте, атыраулық полицейлер жол қозғалысына қатысушылар назарына ауа райының күрт өзгеруіне байланысты жол жүрісі ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.