Сонымен қатар, 13 пәтер жалға беруші және жеңіл жүрісті қыздарды таситын 5 жүргізуші де ұсталды
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың алғашқы тапсырмалары шұғыл орындалуда. Мегаполис басшысы жауаптыларға қаланы жеңіл жүрісті қыздардан тазалауды тапсырған болатын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Осы бір ғана түннің өзінде Сейфуллин даңғылы бойында жүргізілген тексеріс нәтижесінде 50-ден астам жезөкше ұсталды. Сондай-ақ, пәтерін интимдік қызмет көрсету үшін жалға беріп, ақша тауып келген 13 адам мен қыздарды тиісті жерге жеткізумен айналысқан 5 жүргізуші де қолға түсті.
Тәртіп сақшылары жеңгетайлықпен айналысып келген азаматты да жазаға тартты. Рейдке тек учаскелік инспекторлар ғана емес, сонымен қатар арнайы жедел әрекет ету жауынгерлері қатысты. Ал арын ақшаға сатқан нәзік жандылар бет жүздерін жабумен әлек болды.
Оларды жауапқа тарту нәтижесінде білгеніміз, көбінің мұндай жолда жүргенін ата-ана, туған туыстары білмейтін болып шықты. Және де жастары 30-40-ты алқымдап қалған әйелдердің арасында жиырмадан жаңа асқан қыздардың бары да анықталды.