Медеу аудандық полиция басқармасында ҚР ҚК 306-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды
«Көктөбе» аумағында аттракционнан құлаған бала ісі бойынша кінәлілер жазаға тартылады. Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше қазір аталған оқиға бойынша қылмыстық кодекстің 306-шы бабы бойынша қылмыстық іс басталып кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сотқа дейінгі тергеу бойынша 14 жасар жасөспірім қаңтардың 2-і күні «Катапульта» деп аталатын аттракционның қауіпсіздік белдігінен шығып кетіп, жерге құлаған. Нәтижесінде баланың аяқ-қолы сынған.
«Балада көптеген сынықтардың бар екені анықталды. Омыртқасында компрессиялық сынық. Және сол жақ білек сүйегінің сынығы. Оң жақ табан сүйегінің сынығы. Екі бірдей тобығының сынығы. Сонымен қоса табанның тағы бір сүйегінің сынғаны анықталды. Балаға сол күні толығымен көмек көрсетіліп, қол сүйегі орнына қойылды. Темірмен бекітілді. Бала бүгінгі күні профилді бөлімшеде жатыр. Емін толық алып жатыр. Жағдайы жаман емес», – деді Алматы қалалық №1 балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігері Абай ҚҰСАЙЫНОВ.