Қызылордада мас күйінде танысын өлтірген адам 9 жылға сотталды

24.11.2019 15:44

Ол биылғы жылдың 28 наурызында Белкөл кентінде танысын кездестіріп, бірге ішіп, соңынан оны таспен ұрып өлтірген болатын

Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кентінде мас күйінде танысының басын таспен ұрып өлтірген 35 жастағы тұрғынға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

Ол биылғы жылдың 28 наурызында Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кентінде танысын кездестіріп, екеуі темір жол станциясының аумағында спирт ішімдігін ішкен.

«Әбден масайған ол танысынмен керісіп қалады. Сол маңда жатқан қатты жұмыр таспен жәбірленушінің басынан бірнеше мәрте ұрған. Мұның соңы адам өліміне алып келді. Ол оқиға орын алған жерден бой тасалап кеткен. Аталмыш қылмыстық іс бойынша күдікті ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3 бөлігімен кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды», - деп мәлім етті Қызылорда қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Дәуірбек Ұзақбаев.

Бұған дейін Қызылордада адам қағып өлтірген көлік жүргізушісі сотталған болатын.


Теги: қызылорда