Елордада пластикалық бөтелкелер зауыты өртеніп, бір адам ауруханаға түсті

12.10.2019 15:45

Өрт 130 шаршы метр аумақты шарпыды

Sputnik

Елордада пластикалық бұйымдар зауытында өрт шығып, 27 жастағы ер адам зардап шекті. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«12 қазан күні сағат 00.08-де Нұр-Сұлтан қаласының «101» пультіне Сарыарқа ауданы, Көктал көшесіндегі пластик бөтелкелерді шығаратын «ПЭТ» ЖШС зауытында өрт шыққаны туралы хабар түсті. Алғашқы өрт сөндірушілер жеткен кезде пластик бұйымдар жанып жатқаны анықталды. Жалынның таралуы сағат 01.06-да тоқтатылып, 01.13-те толығымен сөндірілді. Өрт 130 шаршы метр аумақты шарпыды. Оқиға салдарынан күйік жарақатымен 1992 жылы туған ер адам ауруханаға жеткізілді. Жағдайы – ауыр», - деді ресми өкіл.

Өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Тілсіз жаумен күреске елордалық Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамының 57 адамы мен 13 техникасы жұмылдырылды.