Полиция такси жүргізушіні өлтірді деген күдікпен екі адамды ұстады
Қызылордада жол апатына ұшыраған көліктің жүксалғышынан такси жүргізушісінің денесі табылды, деп хабарлайды Sputnik.
Жас жігіт шетелдік көлікті басқара алмай, электр тарату желісінің бағанына соқтығысып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Жол апаты болған жерге келген полицейлер көлікті айып тұрағына сүйреп апаруы тиіс болатын. Олар көлік құралын қарап шыққанан кейін автокөліктің жүк салғышында түйрелген жарақат алған ер адамның денесін көреді. Зерттей келгенде, ол осы автокөліктің иесі болып шыққан.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша алдын ала тергеу жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Қызылорда облысының полиция департаменті.
Бұл бап 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Полиция департаменті қылмысқа күдіктілер анықталғанын хабарлады.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде екі күдікті – облыс тұрғындары ұсталып, қамауға алынды, олардың бірі 26, екіншісі 41 жаста», – деп түсініктеме берді полиция.
Такси жүргізушіні қандай мақсатта, қашан және қалай өлтіргені туралы ақпарат әзірге жария етілген жоқ.
ҚР Қылмыстық-процессуальдық кодексінің 201-бабына сәйкес, алдын ала тергеу деректері жария етілмейді, деп нақтылады Полиция департаменті.