Қостанайда мас ер адам 4 жасар баланы ұрып өлтірді

25.03.2020 16:39

Ер адам өзімен бірге тұратын әйелдің немересін өлімші етіп ұрып-соққан

Фото: 24tv.ua

Қостанайда 4 жасар баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала болжам бойынша 65 жастағы ер адам ішімдікке тойып алған соң өзімен бірге тұратын әйелдің немересіне ауыр дене жарақаттарын салған, деп хабарлайды Almaty.tv «Алау ТВ» сайтына сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, 17 наурыз күні сағат 22.00 шамасында полицияның Қарасу ауданы полиция бөлімінің Октябрь пунктінің кезекші бөліміне 2015 жылы туған баланың зорлық-зомбылық салдарынан көз жұмғаны туралы қоңырау түскен. Бұл туралы ақпаратты Қостанай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі де растады.  

«Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы 65 жастағы ер адамды ұстады. Оның үйде алкогольдік ішімдікке тойып алған соң өзімен бірге тұратын әйелдің 4 жасар немересін өлімші етіп ұрып-соққаны белгілі болды», – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Денесіне тиген ауыр соққылар салдарынан бала оқиға орнында жан тапсырған.  

Қазіргі таңда аталмыш дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Күдікті тұтқынға алынды.