Инспекторды өлтірді деген күдікпен 3 қызылордалыққа іздеу салынды

17.01.2019 20:50

Инспекторды өлтірді деген күдікпен 3 қызылордалыққа іздеу салынды. Куәгерлердің арқасында олардың тұлғасы анықталған. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтты. Ал күдіктілердің арасында құзырлы орган қызметкерлері болуы мүмкін деген ақпаратты бас сақшы жоққа шығарды.

«Олар екі көлікпен жүрген. Алайда, қылмысты бір көліктегі үш адам жасаған деген күдік туындап отыр. Негізгі күдіктілердің тұлғасы анықталды. Қазір «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.

Еске сала кетейік, Қарағанды облысында браконьерлерді ұстамақшы болып таяқ астында қалған «Охотзоопром» инспекторларының бірі ауыр жарақат алса, енді біреуі мерт болған. Қалмұханбет Қасымов көз жұмған Ерлан Нұрғалиев ауруханаға неліктен санавиация арқылы дереу жеткізілмегенін түсіндірді.

«Қылмыс орнынан кеткенде көліктегі кілтті және навигаторды жұлып алып кеткен. Сондықтан уақытты жоғалтып алдық. Таңертең жеткізбекші болдық санавиациямен. Алайда, түске дейін ауа райына байланысты тікұшақты көтере алмадық», – деді Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.