Қарағандыда көпқабатты үйден өрт шығып, 3 бала газдан уланды

05.02.2019 22:52

Қарағанды облысында көпқабатты үйден өрт шығып, 3 бала газдан уланып қалды

Тоғыз қабатты тұрғын үйдің жетінші қабатынан шыққан өрттен 13 адам құтқарылған. Қою түтінге тұншыққандардың жетеуі – бала. 4 ақпан күні болған осы оқыс оқиғадан соң 2011, 2014 және 2018 жылғы үш бала газдан уланып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

«Мен өрт шығардан бұрын ғана дүкенге шығып кеткен едім. Түтін шықты. Қорыққан балалар шыңғырып айғайлап жатты. Адамдар көмек сұрап балкондарда тұрды», – дейді оқиға куәгері Светлана НИКОЛАЕВА.  

«Өрттің шығуына қатысты бірнеше болжам бар. Қазір нақты неден екені анықталып жатыр. Оқыс оқиғаның орын алуына электр тогын, электр құралдарын дұрыс қолданбау, жылыту пештерін тазалмау сынды қателіктер себеп болады. Ал ауруханаға түскен балалар бүгін үйлеріне шықты», – деді Қарағанды облысы ТЖД ресми өкілі Жанна ДӘУРЕНБЕКОВА.  

Тек Қарағанды облысының өзінде ғана жыл басынан бері 167 өрт оқиғасы тіркеліп, 4 адамның өмірін жалмаған. Қаза тапқандардың бірі – бала.  Ал осыдан үш апта бұрын Қызылордадағы иіс тиіп уланған 3 баланың қазасын ел әлі ұмыта қойған жоқ. Құтқарушылар жеткенге дейін туған-туыстары үйдің ішінен 2011, 2012 және 2014 жылы дүниеге келген үш баланы алып шыққан еді. Балақайлар ауруханаға жеткізілгенмен, естерін жимастан көз жұмған еді.