Балалардың денесі ПД қызметкерлеріне тапсырылып, сот-медициналық сараптама тағайындалды
Атырау облысы Махамбет ауданында жиналған шөп өртеніп, 3 бала қайтыс болды. Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«2021 жылдың 5 қазанында сағат 19:27-де кезекші пультіне хабар түсті. Атырау облысы Махамбет ауданы Ортақшыл ауылы Жаскеленов көшесіндегі үйдің ауласына жиналған 22 бума шөп отқа оранған. Оқиға орнына №11 бөлімнің өрт сөндірушілері 19 сағат 45 минутта жетіп, өрт сағат 23:07-де толығымен сөндірілді», – деді ол.
Оқиға 6 қазан күні сағат 00:02-де Атырау облысы Махамбет аудандық полиция бөлімінен Ортақшыл ауылында кәмелет жасқа толмаған үш бала белгісіз жағдайда жоғалғаны туралы хабарлама келген. Іздестіру жұмыстарына төтенше жағдайлар департаментінің 11 қызметкері, 3 техникасы, 2 кинологиялық есеп, полиция департаменті қызметкерлері мен ауыл тұрғындары жұмылдырылды.
«Жоғалған 2014 жылы туған екі бала мен 2012 жылы туған бір баланың денесі өртенген шөп арасынан табылды. Олардың денесі полиция департаменті қызметкерлеріне тапсырылып, сот-медициналық сараптама тағайындалды», – делінген хабарламада.
Министрлік өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауды және балаларды қараусыз қалдырмауды ескертті.