Түркістан облысы ТЖД-да қауырт желі телефоны жұмыс істейді (8(72533) 4-06-50, 8(72541) 2-22-25)
Түркістан облысы Мақтаарал ауданына төтенше жағдайдың салдарын жою үшін қосымша күштер мен құралдар жіберілді, деп хабарлайды Polisia.kz.
5 мамырда таңертең Түркістан облысының аумағына ТЖ-ның салдарын жою үшін Шымкент қаласы, Жамбыл және Қызылорда облыстары ТЖ департаменттерінің, 28237 әскери бөлімінің құрамында жеке құрамнан 276 адам, 35 бірлік техника, жеті жүзу құралы және 31 мотопомпа бар қосымша күштері мен құралдары жіберілді. 1 мамырда Сардоба су қоймасы (Өзбекстан Республикасы Сырдария облысы) жарылды, ол Орталық ашық дала коллекторын қайта толтыруға (өткізу қабілеті 120 м3/сек, нақты 180 м3/сек) және Түркістан облысы Мақтаарал ауданының аумағына су төгілуіне әкеп соқты.
2 мамырда бес елді мекенді (Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фердоуси, Оргебас, Достық ауылдары) су басты, халықтың саны 631 адам. Жалпы ауданы 5 593,6 га жайылымдар мен егістік алқаптар су астында қалды. 1-3 мамыр аралығында 14 елді мекеннен (Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фердоуси, Өргебас, Достық, Мырзакент, Нұрлыжол, Жантақсай, С. Т. Жайлыбаев, Нұрлытан, Шұғыла, Арайлы, Ақжол, Қоғалы ауылдарында) алдын ала 31 606 адам эвакуацияланды (оның ішінде 11 533 бала). Мақтарал ауданы Атакент ауылындағы 24 эвакуациялау пунктіне 3 061 адам, қалғандары туысқандарының үйлеріне орналастырылды.
Алдын ала деректер бойынша қауіпсіз орындарға 15 046 бас мал мен құс айдалды. Жеңіс ауылындағы көпірді (ұзындығы 10 м, ені 6 м), сондай-ақ төрт автомобиль жолын (аудандық-1 Жаңатұрмыс ауылына, облыстық-2 “Жеңіс-Фердоуси” және Өргебас ауылына кіреберіс, республикалық-1 “Жібек жолы-Жетісай”) су шайды. 2 мамырда Мақтаарал ауданы әкімінің шешімімен жергілікті ауқымда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. 4 мамырда Мырзакент ауылының (14 532) және Ақжол ауылының (2 453) 16 985 тұрғыны су басу қаупінің алынуына байланысты өз үйлеріне оралады.
Полиция қызметкерлері сегіз блок-бекет қойды (Жаңатұрмыс, Фердоуси, Т. Жайлыбаев (2), Нұрлыжол, Иіржар, Өргебас, Шұғыла ауылдарында). Полиция қызметкерлері және Ұлттық ұланың әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті күзетуді жүзеге асырады. Жетісай ауданы Қоғалы ауылына жақын жердегі автомобиль жолының бойында бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Уақытша бөгеттің ұзындығы 660-ден астам метр, 25 мыңға жуық қап пайдаланылды. Нұрлыжол, Фердоуси, Өргебас, Ырысты және Жантақсай ауылдарының аумағында жалпы ұзындығы 3,36 шақырым уақытша бөгеттер салу жұмыстары жүргізілді және үш коллектор орнатылды.
Авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарға ішкі істер, қорғаныс министрліктерінен және жергілікті атқарушы органдардан жалпы 986 адам, 180 бірлік техника мен төрт жүзу құралы жұмылдырылды. Жою жұмыстарына құтқарушылар, полиция қызметкерлері, әскери қызметшілер,жергілікті атқарушы органдар, волонтерлер жұмылдырылды.
Түркістан облысы ТЖД-да қауырт желі телефоны жұмыс істейді (8(72533) 4-06-50, 8(72541) 2-22-25).