Қалқымалы көпір – «Соколовка мен Большая малышканы» жалғап тұр
Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік желіде қалқымалы көпірдің сеңге шыдамай, ағып бара жатқан видеосы жарияланды. Осыған қатысты жергілікті әкімдік түсінік берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
СҚО тұрғындары әлеуметтік желіде Есіл өзенінде жағалаудан ажырап кеткен қалқымалы көпірдің видеосын таратып жатыр. Роликтен тұрғындардың өкінішін, бір-бірін ескертіп айқайлаған дауысын естуге болады. Оқиға куәгері аппарельдің үзіліп кеткенін айтады.
Қалқымалы көпір екі елдімекенді – «Соколовка мен Большая малышканы» жалғап тұр. Ол 2021 жылы жөнделіп, орнатылған еді. Екі ауылдың тұрғындары үшін көпір аса маңызды. Шаруалар көпір арқылы жол қысқартып, өз алқаптарына тез жетеді. Сондай-ақ Большая малышка елдімекеніндегі наубайхана көрші ауыл тұрғындарын нанмен қамтып, осы көпір арқылы жеткізеді. Енді тұрғындарға көпірді орнына қойғанша Петропавл арқылы қатынауға тура келмек.
Қызылжар ауданының әкімдігі осы видеоға қатысты түсінік берді. Әкімдік мамандарының айтуынша, роликтегі жазба шындыққа жанаспайды.
«10 сәуір күні Есіл өзенінің су деңгейі көтерілуіне байланысты аудандық әкімдік жылдағыдай «Соколовка – Большая малышка» понтон көпірін жағалаудан уақытша ажырату жұмысын атқарды. Бұл жұмыс алдын ала бекітілген жоспар бойынша жүргізілді, яғни Соколовка елдімекені жағынан іргетас блогына бекітілген аппарельдер алынып тасталды. Ал Большая малышка елдімекені жағынан автокран қолданылды. Қазіргі уақытта бұл көпір су бетінде қалқып тұр. Кейін жағаға қайта бекітілетін болады», – деді аудан әкімдігінен.