59 жастағы әкесі кәріз құдығын тазалағысы келген
Қарағандыда құдыққа түсіп кеткен әкесін құтқармақ болған жігіт кәріз суына батып кетті. Қайғылы оқиға түнде болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
16 шілде түнде сағат 03:58-де Қарағанды қаласының ТЖ қызметіне Бурабай көшесі бойында №92 тұрғын үйдің жанындағы кәріз суын жинауға және соруға арналған қосалқы станцияда ер адамның құдыққа құлап кеткені туралы хабарлама келіп түсті.
Белгілі болғандай, 59 жастағы қарағандылық кәріз құдығын тазалағысы келген. Алайда, абайсызда тереңдігі 6 метрлік құдыққа құлап кеткен. Үй иесін құтқару үшін оның ұлы мен көршісі құдыққа түскен. Дегенмен өз күштерімен шығара алмаған олар құтқару үшін ТЖ қызметкерлерін шақырады. Сағат 04:53 және 05:02-де ТЖД күшімен үй иесі мен оның көршісі құтқарылып, медициналық мекемеге жатқызылды.
«Екі ер адам (1960 және 1989 жылдары туған) Х. Мақажанов атындағы облыстық травматология және ортопедия орталығының жансақтау бөліміне жатқызылды. Зардап шеккендердің жағдайы ауыр деп бағалануда», – деп хабарлады Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Өкінішке қарай, үй иесінің ұлын аман алып қалу мүмкін болмады. Сағат 06:30-да ТЖД және «Қарағанды Су» ЖШС күшімен 29 жастағы ер адамның денесі табылып, сыртқа шығарылды.