Аталған дерек құқық қорғау органдарының бақылауына алынған
Алматының құзырлы органдары 10 маусым күні кешкі сағат 18.00-ден түн ортасы ауғанша қоғамдық тәртіпті бұзған топтың таратылып, заңсыз әрекетке барғандардың жауапқа тартылғанын мәлімдеді деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Кеше кешке «Алатау» театрының алдында Зайытовтың шақыруымен басталған халықтың толқуы келесі күнгі таңғы сағат 2.00-ге дейін жалғасты. Митинг ұйымдастырмау туралы ескертуді елемеген халық біртіндеп ұсталды. Оның ішінде Ринат Зайытовтың өзі де бар. Алайда, полиция пунктінде түсіндіру жұмыстары жүргізілген соң, ол босатылды. Дегенмен, оның соңынан ерген халық тарай қоймаған соң, ақын үйіне кеткен жерінен қайта оралып, жиналған қауымды ешқандай заңсыз іс-шараларға қатыспауға және арандауға жол бермеуге шақырды. Сонда да жиналғандар тарқамай, Төле би және Абай даңғылдары арқылы ұрандатып, қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен тыныштығына кедергі келтірді» – деді сақшылар.
Одан бөлек митингіге шыққандар жеке көліктерімен көше ортасында колонна ұйымдастырған. Бұл, өз кезегінде қаладағы көлік қозғалысының қалыпты жүрісін шектеген. Бірақ, заңсыз әрекетке барғандар қандай да бір талап, шарт қоймаған. Полиция департаментінің мәліметінше, бір түннің өзінде қауіпсіздігіне алаңдаған тұрғындар тарапынан 1250 шағым қоңырау түсіпті.
Тұрғындар қатты айғай-шудан ұйықтай алмағанын, тіпті үйден шығуға қорыққандарын айтқан.
«Шеруге шығып, ашу-ызаны көрсетудің қажеті қанша? Текке жазықсыз адамдар таяқ жеп, қала берді құзырлы орындардың көзіне түсіп қалды», – дейді олар.
Ал, жекелеген құқық бұзушылықтарға келсек, полиция жеке көліктерімен қарсы жолға шыққандардың болғанын, тіптен «Сайран» автовокзалы маңында жол-патрульдік полиция қызметкерін қағып, қашып кеткен оқиғаның болғанын да мәлімдеді. Дәрігерлердің айтуынша, сақшының жамбас сүйегі сынған. Оқиға орнынан бой тасалаған жүргізуші көп ұзамай ұсталған.
«Олардың Төле би даңғылының бойындағы іс-әрекеттеріне тосқауыл қойылды. Белсенді мүшелері ұсталып, полицияға жеткізілген болатын. Кейбіреулері әкімшілік жазаға тартылса, кейбіреулеріне тек түсіндірме жұмыстары ғана жүргізілді. Заңсыз әрекеттер орын алатын болса, Полиция департаменті міндетті түрде қатаң шара қолданады. Өйткені заңды бұзу деректеріне жол бермейміз», – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Қазіргі уақытта Алматыдағы жағдай толығымен бақылауға алынған. Қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша барлық шаралар қабылданған. Қалалық тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті бұзуға, кез-келген құқыққа қарсы әрекеттерге, азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіруге жол бермейтінін мәлімдеп отыр.
Әмірболат Құсайынұлы, Әрсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы