Солтүстік Қазақстан облысында жеңіл көлік жолдан шығып кетіп аударылып, бір адам қаза тапты, тағы үшеуі ауыр жарақаттанды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Оқыс оқиға кеше Қызылжар ауданы Новокаменка елді мекенінің маңында болған. Қатты көктайғақтан жеңіл көлік жолдың шетіне ұшып кеткен. Апат жайында ақпар әлеуметтік желіде тарады. Желі қолданушылардың айтуынша, қаза тапқан әйел биология пәнінің мұғалімі. Жол-көлік оқиғасы жайында Қызылжар аудандық полиция бөлімі түсінік берді.
«Жезқазған-Петропавл» автожолының 935 шақырымында сағат 15.00 шамасында Audi маркалі көліктің 1999 жылы туған жүргізушісі рульге ие бола алмай, көлік аударылған. Салдарынан үш жолаушы жарақат алып, емдеу мекемесіне жеткізілді. Тағы бір жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Бұл факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын анықтайтын болады, тиісті бірқатар сараптама тағайындалды. Атқарылған іс-шаралардың қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады», - делінген хабарламада.
СҚО-да 30 қазан кешқұрым қар аралас жаңбыр жауып, ауа температурасы -5 градусқа дейін төмендеді. Жексенбіде өңірде қатты көктайғақ болды. Қазір облыста ауа температурасы +1 градусты көрсеткенімен, түнде -12 градусқа дейін суытады деген болжам бар.