Оқиға № 65 бағытта жүретін автобуста болған
Алматыда дұрыс бекітілмеген люк қақпағы автобус еденін тесіп өтіп, ішіндегі жолаушының аяғын сындырды. Қоғамдық көлікте қаннен-қаперсіз тұрған әйел оқыстан болған жағдайды тіпті түсініп те үлгермеген. Тек үстіне құбырдан шыққан антифриз атқылағанда барып, аяғының опырылып сынғанын аңғарған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жол-көлік оқиғасы бүгін таңғы 7 жарымда Халиулин көшесінің бойында тіркелді. Әдеттегідей осы көшенің бойымен батыс бағытта кетіп бара жатқан нөмірі 65-ші автобус Шығыс айналма жолынан өте бергенде, жиектегі люкті басып кетеді. Соның салдарынан арықтың қақпағы ұшып, автобустың еденін тесіп шыққан. Сол тесікке қоғамдық көлік ішінде алаңсыз тұрған жолаушы құлап, аяғын сындырыпты.
Аяғы сынған 29 жастағы Мереке Сұраншиева Алматы облыстық көпсалалы ауруханасына жеткізілген. Қазір жағдайы орташа. Ақ халаттылар балтыр сүйегі бөлініп кеткен келіншекке бірден ота жасамаса, жүріп кетуі екіталай дейді. Сондықтан, науқасты операцияға дайындап жатыр.
«Құлағымда құлаққап, өзім телефонға қарап бара жатқанмын. Бірдеңе тарс ете қалды, бірақ мен қапелімде не болғанын түсінген жоқпын. Автобус бірдеңеге соғылды екен дедім де қойдым, бірақ жан-жағыма қарасам, адамдар қашып барады. Бір кезде жанымдағы құбырдан антифриз атқылай бастады. Сонда ғана тізерлеп жерде отырғанымды және орнымнан тұра алмайтынымды білдім», – дейді Мереке СҰРАНШИЕВА.
Ал, Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі Телман Есболов болса науқасқа қатысты: «Сол жақ аяғы айқасып сынған. Қазір науқастың үлкен балтыр сүйегіне астисинтез ота жасалынады. Қазір ол отаға дайындалуда. Жалпы жағдайы орташа, бізде 10-15 күн жатады. Ары қарай 2 жарым айдай оңалту жұмыстары жүргізіледі», – деп отыр.
Ал люкке келсек, оқыс оқиғадан соң коммуналдық қызмет өкілдері бірден іске кірісіп, ақауды орнына келтірген. Яғни қаладағы барлық люк қақпақтарын мықтап бекітіп, арнайы белгімен қоршап қойған.
«Біз оқыс оқиға болған жердегі люк қақпақтарын тексергенбіз. Темір ескірмеген, қанағаттанарлық жағдайда еді. Оның неден сынып кеткенін анық айта алмаймыз. Қазір арнайы жұмыс тобы құрылып, тексеріс жүргізіліп жатыр. Ал, аяғы сынған қыз бен автопарк иелеріне өтемақы сол тексеріс қорытындысынан соң төленеді», – деді Алматы қаласы мобилділік басқармасының бөлім басшысы Нұрзат ОРДАБАЕВ.
Әйтсе де, тасымалдаушы компания өкілдері шойын қақпақтың қоғамдық көлік еденін қалай тесіп шыққанына таң қалып отыр. Олар ақпан айында ғана қолданысқа берілген су жаңа автобустың «сапасы мінсіз» дейді. Әрі едені де қағаздай жұқа емес. Автопарк иелері оқыс оқиғаға коммуналшыларды кінәлады. Люк қақпағын мықтап бекіткенде, мұндай келеңсіздікке ұшырамас еді деген автопарк басшылары коммуналшыларды сотқа беруге бекініп отыр.
«Люкты қондырған адамдар кінәлі. Люк жабық тұрса, дұрыс тұрса мұндай жағдай болмайтын еді. Бірінші экспертизаны жасаймыз, тәуелсіз экспертті шақырып шығынын есептейміз. Сосын коммуналшыларды сотқа береміз», – дейді «Автоалма транс» автопаркінің қаржы директоры Асылбек МҰХАМБЕТӘЛИЕВ.
Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко «Алматы» телеарнасы.
Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко «Алматы» телеарнасы