Тергеу органы ол 1,5 ай бұрын жоғалған қызылордалық азаматтың мәйіті болуы мүмкін деген болжам жасады
Қызылорда облысында белгісіз адамның денесі табылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Облыстық ПД-нің баспасөз қызметі хабарлағандай, ол 1,5 ай бұрын жоғалған С.Бегімбайдың мәйіті болуы мүмкін.
С.Бегімбай 12 қыркүйек күні өзінің жеңіл автокөлігімен Нұр-Сұлтан қаласына жолға шығып, хабар-ошарсыз кеткен. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
С.Бегімбайды табу үшін кешенді жедел іздестіру іс-шаралары ұйымдастырылып, оған жедел уәкілдер мен учаскелік полиция инспекторлары арасында құрылған бірнеше мобильді топ, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, Ұлттық ұлан сарбаздары және туған-туысқандары, жолдастары, еріктілер жұмылдырылған болатын.
Оны іздестіру барысында арнайы техника мен тікұшақ қолданылған. Іздеу шараларының нәтижесінде 19 қазанда «Қызылорда-Жезқазған» тасжолының 128-шақырымынан С.Бегімбайдың жеңіл автокөлігі және жеке заттары табылып, айғақты зат ретінде алынған.
Ал 22 қазан сағат 13:25 шамасында «Қызылорда-Жезқазған» тасжолының 128 шақырымынан батысқа қарай 30-40 шақырым қашықтықтағы далалық жерден белгісіз азаматтың мәйіті табылды.
«Қазіргі уақытта оқиға болған жерде жедел тергеу тобы және төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері тексеру жүргізіп жатыр. Сот-сараптамасы мәйіттің кім екенін анықтайды», – деп мәлім етті облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Дереккөз: Sputnik Қазақстан