Павлодардағы ХҚКО-дан 189 адам эвакуацияланды

12.03.2019 16:56

Халыққа қызмет көрсету орталығынан күдікті рюкзак табылған

pavlodarnews.kz

Павлов көшесі 48 мекенжайы бойынша орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығынан күдікті рюкзак табылды, деп жазады pavlodarnews.kz облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Кеше, 11 наурыз күні сағат 13.20-да «112» бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметіне күдікті рюкзак жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Бастапқыда жарылғыш зат болуы мүмкін деген күдік туындаған. Құтқарушылар келгенге дейін қызметкерлер 189 адамды сыртқа шығарды. Оның 107-сі қызмет алуға келген болса, 82-сі орталық қызметкері», - дейді баспасөз қызметінде.

Департамент мамандарының сөзінше, жарылғыш зат туралы күдік расталмаған. Шұғыл хабарлама түскен оқиға орнына № 34 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамынан бес адам мен бір техника үш минуттың ішіне жетті. Сағат 14.05-те жағдай тұрақталды. Ал рюкзакты ХҚКО-ға келушілердің бірі ұмытып кеткен екен.