Ақтөбе қаласында 7 жастағы бала бесінші қабаттағы терезеден құлап кетті. Қазір ол облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
3 маусым күні Ақтөбе қаласы Батыс-2 шағын ауданында оқыс жағдай тіркелді. 7 жастағы бала бесінші қабаттан құлап кеткен.
«Бала түрлі дене жарақатымен облыстық балалар ауруханасына түсті. Ол үйінде жалғыз болған. Ұйықтап жатқан баланы анасы бірнеше минутқа қалдырып, дүкенге барып келген. Көбіне ересектер балаларын назардан тыс қалдырып, жазатайым оқиғаға душар болады. Сондықтан терезені мықты бекітіп, арнайы тор орнатуды ұсынамын. Кейбір жиһазды терезе жанына қоюмау керек. Балалар терезеге оңай шығып кетіп, шыбын-шіркейден қорғайтын торкөзге сүйенгенде құлайды. Мұның бәрін ата-ана ескеруі тиіс»,– деді облыстық ПД бастығы Атығай Арыстанов.
Қазір бала облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер жағдайын тұрақты ауыр деп отыр.
«Бала түрлі дене жарақатымен түсті. Оның бірнеше омыртқасы сынған. Жабық бас-ми жарақатын алған. Травматикалық шок та бар. Ішкі құрылыстары да зақымданды. Жансақтау бөліміндегі баланың жағдайы тұрақты ауыр»,– деді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Ербол Жапақов.