Сайрам аудандық соты Қылмыстық кодекстің 99-бабы «Қасақана кісі өлтіру» бойынша айыпталған 1959 жылғы өзбек азаматына қатысты шешім шығарды. Күдіктіні марқұмның туыстары ұстапты, оған да шұғыл медициналық жәрдем қажет болды, деп хабарлайды Sputnik.
Белгілі болғандай, өзбекстандық бір жыл бойы Түркістан облысы Сайрам ауданына келіп, жергілікті тұрғынның қол астында жұмыс істепті. Соңғы рет келгенінде қожайынмен есептесуді жөн көреді, бірақ жұмыс беруші ақысын төлемей қойған екен.
Жанжалдың арты төбелеске ұласып, өзбек азаматы өзін жалдаған адамды темір арматурамен өлгенше сабап тастайды. Әкесінің айқайлаған дауысына келіп жеткен жігіт күдіктінің үстінен түсіп, өзбекстандықтың өзін ауыр жаралаған.
Ол аудандық аурухананың жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Қазір оны полицейлер күзетіп отыр.
Жұмысшысының қолынан ажал құшқан ер адамның ұлына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол адам денсаулығына ауыр зардап келтіргені үшін жауап береді.