Шымкент тұрғындары қалада тышқан көп болуына байланысты шағым айтып жатыр. Жыл басынан бері кеміргіштер 22 адамды тістеп алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Қала билігі бұл мәселеден хабардар, биыл тышқанмен күреске бюджеттен алты миллион теңге бөлінді.
Шымкент қаласы ветеринария бөлімінің хабарлауынша, былтырға қарағанда биыл қала тұрғындарын тышқан тістеу бойынша азырақ жағдай тіркелген. Алайда мегаполисте ахуал әлі қалыпқа келмеген.
Былтыр мұндай 35 жағдай болса, биыл 22 жағдай тіркелді. Басым бөлігі жеке үйлерде болады.
«Егер адам тышқанға тиіспесе, ол да тістемейді. Адам байқамай басып кетеді немесе тиіп кетеді, сондай жағдайда тістеп алады. Алайда олардың өзі бірінші болып адамға бас салмайды», – дейді Шымкент қаласы ветеринария бөлімінің басшысы Манарбек Ержігітов.
Биыл бюджеттен тышқанмен күреске алты миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға улайтын заттар сатып алынды. Олар қоқыс контейнерлеріне және тышқан көп жүретін өзен мен канал бойына шашылады. 20 дезинфектор күзгі жұмыстарға кірісті.
Нәтижеге қол жеткізу үшін мамандар да қулыққа баруға мәжбүр. Мысалы бір жылы дәріні нанға, етке араластырып берсе, биыл оның орнына дән қолданылады.
«Тышқанмен күресте қулыққа барамыз. Жемді үнемі өзгертіп отырамыз. Бұл тышқандар неден өліп жатқанын білмеу үшін жасалады. Дәрі екі апта ішінде әсер етеді. Екінші жағынан олар үйреніп алмауы үшін жемтікті ауыстырамыз», – деді «Дезинфекция» мекемесінің өкілі Алмазхан Сұлтанбеков.
Мамандардың айтуынша, бұл улы дәрі мысық, ит, құс үшін қауіпсіз.
Алайда кеміргіштерді бір удың көмегімен жойып жіберу мүмкін емес. Сондықтан мамандар қала тұрғындарына сақ болуды және қалдықтарды қоқыс тастайтын алаңнан басқа жерге қалдырмауды сұрады.
«Барлығы халықтың санитарлық мәдениетіне байланысты. Адамдар өзі қалаған жерге қоқыс тастауын, әсіресе үй терезесінен қоқыс лақтыруын тоқтатуы қажет. Оны міндетті түрде қоқыс контейнерлеріне тастау керек. Сондай-ақ, ұзақ уақыт сақтап қоюға болмайды. Тұрғын үй ауласында не болып жатқанын көріп отырмыз, барлығы тұрғандарға байланысты», – дейді Алмазхан Сұлтанбеков.
Оның айтуынша, егер тұрғындардың өзі тазалық сақтауды үйренбесе, күн суыған кезде тышқандар жертөлеге тығылады. Осылайша пәтерде жиі төбе көрсетеді.