Қылмыс тұрғын үйдің кіреберісіне орнатылған видеокамералардың біріне түсіп қалған
Мойнынан қылғындырып, ішігін шешіп әкетті. Алматыда әйелге шабуыл жасап, тонап кеткен қос азаматтың видеосы тарады. Қазір аталған дерекке қатысты полицейлер тергеуді бастап, күдіктілерді іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Белгілі болғандай, оқиға «Жетісу» ықшамауданында 15 қаңтарға қараған түні орын алған. Бейнебақылау камерасына 35 жастағы әйелді әлдебір азаматтың артынан келіп, мойнынан қысып, жерге құлатқаны түсіп қалған. Осы кезде қаскөйдің сыбайласы пайда болып, есінен танып жатқан келіншектің сөмкесін үптейді. Оңай жолмен пайдаға кенелмек болғандар әйелді далаға қалдырып кеткен.
«Бұл дерек бойынша қазіргі таңда Әуезов аудандық Ішкі істер басқармасында Қылмыстық кодекстің 192-бабының нормалары бойынша қылмыстық іс қозғалып, арнайы тергеу тобы құрылды. Оның құрамына криминалды полиция басқармасының ізкесушілері де кірген болатын. Абырой болғанда, бұл азаматша дене жарақаттарын алған жоқ. Аман-есен сау. Өз үйінде. Жалпы медициналық көмекке де жүгінбеген», – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.