Азық-түлік, дәрі-дәрмектер пен қажетті заттарды жеткізу қызметтері таңертеңгі 9-дан кешкі 10:00-ге дейін қол жетімді болады
Азаматтардың денсаулығы мен өмірін қорғау мақсатында өңірлік штаб жетекшісі Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың шешімімен 30 наурыздан бастап 5 сәуірге дейін қалада күшейтілген карантин тәртібі енгізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қосымша шектеу шаралары төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету аясында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы мемлекеттік комиссия шешімін жүзеге асыру мақсатында енгізілген болатын. Сол себепті қала аумағындағы барлық мекемелер мен кәсіпорындардың жұмысы тоқтатылды. Естеріңізге салайық, Алматыда 28 наурыз бен 5 сәуір аралығында карантин режимі күшейтілген болатын.
Алматылықтар енді тағам, азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді сатып алу, сондай-ақ төтенше жағдайда шұғыл медициналық көмек алу үшін ғана көшеге шыға алады. Ал, 65 жастан асқан тұрғындар мен кәмілетке толмаған балалар ересектердің қарауынсыз сыртқа шықпауы қажет. Карантин кезінде адам көп жиналатын саябақтар, жағалаулар, балалар мен спорт алаңдары және басқа да демалыс орындары жабылды. Ал, автобустар 28 наурыздан бастап таңғы cағат 6 мен кешкі сағат 7 аралығында қатынайды. Жолаушыларға тек ортаңғы және артқы есіктерден кіріп-шығуға рұқсат.
Ал, такси көліктерінде жүргізушіні қосқанда 2 адамнан артық болмауы керек. Және олар диогональді түрде жайғасуы тиіс. Сонымен қатар, автомобиль ішінде антисептик пен бетперде сынды қорғаныс құралдары болуы қажет. Одан бөлек, бүгіннен бастап 5-ші сәуірге дейін қаланың мемлекеттік органдары, яғни тамақтану, медициналық және ветеринарлық нысандар, қаланың үздіксіз тіршілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметтер, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарынан басқа барлық ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметі меншік түріне қарамастан уақытша тоқтатылады.
Азық-түлік, дәрі-дәрмектер пен қажетті заттарды жеткізу қызметтері таңертеңгі 9-дан кешкі 10:00-ге дейін қол жетімді болады. Енді залалсыздандыру жұмыстарына келсек, емдеу мекемелері мен азық-түлік базарларында сейсенбі және сенбі күндері аптасына 2 рет дезинфекция жүргізіліп жатыр. Ал, шаһардағы тротуарлар, жолдар және оларға іргелес аялдама кешендері кестеге сәйкес күн сайын жүргізілетін болады. Мамандар өңдеуден кейін 5 сағат ішінде есік алдына шықпауға кеңес береді. Ал, карантин режимін бұзғандарды қандай жаза күтіп тұр?
Алдымен, белгіленген талаптарды бұзған азаматтарға ескерту жасалып, қайталанған жағдайда 26 мың 500 теңге мөлшерінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке қамалады. Санитарлық қағидаларды сақтамай, абайсызда адамдардың жаппай сырқаттануына әкеп соққан заң бұзушылық үшін 2 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі, яғни 5,3 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде айыппұл төленеді немесе 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеледі. Айта кету керек, Алматыда 19-шы наурыздан бастап карантин режимі енгізілген болатын. Шаһарға кіріп-шығу 22-шы наурыздан бері толықтай шектелді.
Ал, оған дейін 15-ші наурызда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы қаулыға қол қойған болатын.