Ұйықтап жатқан екі полицейді видеоға түсіріп, оларды бопсалаған азамат жазаланды

stan.kz
stan.kz
2018 жылы ол Семейде Үндістаннан келген студентті қорқытып телефонын тарытп алған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұр-Сұлтанда ұйықтап жатқан екі полицейді видеоға түсіріп, оларды бопсалап, ақша талап еткен 23 жастағы Руслан Әубәкіровтың ісі сотта қаралды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Время" басылымына сілтеме жасап.

Оқиға 14 ақпан күні орын алған. Елордада көше аралап қыдырып жүрген жігіт, 24 сағаттық асханада ұйықтап отырған екі полицейді көріп қалады. Руслан оларды видеоға түсіріп алып, өз жайымен кетіп қалған.

Екі сағаттан кейін елорда тұрғыны басқа бір асханада үстелдің үстіне басын қойып ұйықтап жатқан әлгі екі полицейді тағы да көріп қалады. Мұны байқаған Руслан оларды тағы да бейнежазбаға түсіріп алады. Дегенмен бұл жолы ол тәртіп сақшыларын оятып, оларға қарсы дәйектің бар екендігін айтады. Мұны естіген аға лейтенант Тұрсынов пен сержант Жұмаділов егер бейнежазба желіде тарайтын болса, қызметтерінен айырылатынын түсініп, ер азаматтан видеоны көрсетуді сұрайды. Бірақ видеоға түсіріп алған жігіттің телефонының қуаты таусылып қалады.

Видео бар екендігіне полицейлердің артынша көздері жетеді. Руслан кейіннен оларға видеоны жіберіп, жүз мың теңге талап еткен. Мұндай қылыққа шыдамаған полицейлер Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасына шағымданады.    

14 ақпан күні бопсалаушы екі қызметкермен қайта кездесіп, олардан жүз мың теңгені алып алады. Видеоны телефоннан өшіргеннен кейін ол бопсалау күдігі бойынша тұтқындалады.

Руслан Әубәкіровтың бұған дейін сотталғаны анықталыпты. 2018 жылы ол Семейде Үндістаннан келген студентті қорқытып телефонын тарытп алған, сондықтан үш жылға бас бостандығын шектеу туралы жазаға кесілген. Бұл жолы сот бұл мерзімге тағы екі жыл қосып береді.

Новости партнеров