Оқиға орнына жеткен дәрігерлер оған көмектесе алмады
Шымкентте «Қиял әлемі» технопаркінде ер адам қайтыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша марқұмның жүрек талмасы ұстаған. Оқиға орнына жеткен дәрігерлер оған көмектесе алмады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері өлім себебін анықтап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Технопаркте демалған куәгерлердің айтуынша, «Молоток» аттракционында 45-50 жастағы ер адам өзін жайсыз сезінген.
Ер адамның жағдайы нашарлағанын байқаған өзге адамдар бірден жедел жәрдем шақырады, алайда дәрігерлер оны аман алып қала алмады. Алдын ала қорытынды бойынша ер адамның жүрек талмасы ұстаған.
Сондай-ақ куәгерлер дәрігерлер келгенше дейін технопарк қызметкерлері де оған көмектесуге тырысқанын айтты. Бірақ оларда тіпті қарапайым дәрі қобдишасы да болмапты.
Бұл факт бойынша тексеріс басталды. Технопарк жұмысы уақытша тоқтатылды.
Өкінішке қарай, бұл «Қиял әлемі» технопаркінде болған алғашқы қайғылы оқиға емес. Биыл мамыр айында жазатайым оқиғадан 17 жастағы жігіт мерт болған еді. Жігіт мектеп бітірген, саябақта қосымша жұмыс істегені хабарланды. Ол аттракционың металл құрылымына шығып, құлап кеткен. Бозбала жедел жәрдем қызметі келгенше оқиға орнында жан тапсырды.