Алматыда 250 мың доллар салынған сейф ұрланды

28.08.2023 17:44

34 жастағы күдікті ұсталды

Алматы полиция департаменті

Алматы полициясының қызметкерлері ірі ұрлықтың бетін ашты. Тәртіп сақшылары 250 мың АҚШ доллары бар сейфті ұрлады деген күдікпен Алматы облысының 34 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Алматы полициясының баспасөз қызметі 1989 жылғы азаматтың бөтеннің жеке үйіне басып кіріп, ірі көлемдегі ақшасы бар сейфті алып шыққанын нақтылады.

-Ұрлық болған кезде үйдің иесі болмаған. Бірнеше күн бұрын демалысқа кеткен. Отағасының айтуынша, ол - жеке кәсіпкер. 250 мың долларды үйіндегі сейфте сақтаған, -дейді Медеу аудандық полиция бөлімінің бастығы Ілияс Өмірсеріков.

Күдікті қамауға алынып, кінәсін мойындады.

-Сотталушының тұрғылықты жеріне тінту жүргізілді. Ол ұрланған ақшаны көңнің арасына тығып қойған. Айғақты заттар тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына тіркелді, - деді Ілияс Өмірсеріков.

ҚР Қылмыстық кодектің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтер жарияланбайды. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес әр адам өзінің қылмыстық құқық бұзушылық жасағандағы кінәсі жойылмайынша кінәсіз деп танылады.

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданы тұрғындарымен кездеседі