Вакцинадан қашқандар алаяқтарға жем болып жатыр

19.07.2021 17:46

Екпе паспорты, оң немесе теріс тест нәтижелері бар анықтамалар ақшаға ұсынылады

Фото: ашық дереккөзден

Ішкі істер мамандары интернетте вакциналау паспорты мен ПТР-тест анықтамасын сататын 46 жарнаманы анықтап, бірнеше шетелдік ресурсты бұғаттауға жіберген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ішкі істер министрлігінің баспасөз өкілі Шұғыла Тұрлыбектің айтуынша, полицияның барлық бөлімшелерінде арнайы мониторингтік топтар құрылып, олар интернет желісінде, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде, жергілікті пабликтерде, жарнамалық сайттарда орналастырылатын жалған құжаттарды сату жөніндегі хабарландыруларды анықтап, пысықтап жатыр. 

«Полиция осындай 46 жарнаманы анықтады. Онда жалған вакцинация паспорты, оң немесе теріс тест нәтижелері бар анықтамалар ақшаға ұсынылады. Аталған ресурстарда Ресей Федерациясында, Украинада, Үндістанда және АҚШ-та медициналық анықтамалар мен вакцинация сертификаттарын сату туралы хабарландырулар бар», – дейді ІІМ өкілі. 

Шұғыла Тұрлыбектің айтуынша, киберқылмыспен күрес орталығының мамандары алдын ала төлем алуға бағытталған алаяқтық схемалардың қалай іске асатынын анықтаған. Алаяқтар қармаққа ілінген азаматтарға вакцинаның бірінші компонентін алғаны туралы мемлекеттік органдардың ресми ресурстарына жатпайтын бөгде пошта жәшіктерінен хабарлама жібереді. Осыған алданған азаматтар 2 компоненттің анықтамасы үшін сұраған ақшаны аударып жібереді. Ақша түскен бойда жарнама иесі байланыс аясынан жоғалады. 

«Бірқатар жарияланымдарды талдау алаяқтардың шетелдік банктердің карталарын қолданғанын анықтады, ал «сатушылар» үнемі өзгеріп тұратын виртуалды телефон нөмірлерін жиі қолданады. Алданған адамдар құқық қорғау органдарына жүгінбейді, өйткені олар жалған құжаттарды сатып алу арқылы заңды бұзғандарын түсінеді. Анықталған шетелдік ресурстарды Қазақстан аумағында бұғаттау үшін уәкілетті органға жіберілді. Ішкі істер министрлігі азаматтарға қылмыстық процеске қатысудан аулақ болуға және қаныдарды мұндай әрекеттерден сақтандыруға шақырады», – дейді веодмствоның баспасөз өкілі.