Ешкім зардап шекпеген
Батыс Қазақстан облысында мал ұстайтын база мен 4 техника өртеніп кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға Тасқала ауданы Тасқала ауылында болды. 29 наурыз күні сағат 20.17-де М.Мәметова көшесіндегі 64-үйде трактордың жанып жатқаны жөнінде хабар түскен. Өрт оқиғасын барлау барысында «Арай» шаруа қожалығының аумағында гаражда тұрған МТЗ-80 тракторы жанған. Содан қатар тұрған тағы 2 трактор (МТЗ-80, МТЗ-82), «КамАЗ» жүк көлігі және жапсарлас салынған мал тұратын қора (шамамен 550 шаршы метр) отқа оранғаны анықталды. ТЖД күшімен бір газ баллоны (көлемі 70 литр) шығарылды. «Тілсіз жау» 30 наурыз күні сағат 01.08-де толықтай ауыздықталды. Ешкім зардап шекпеген. Қазіргі мәлімет бойынша өрт техника ақауына байланысты шыққан. Өрт сөндіруге ТЖД (12 қызметкер, 3 техника) және ерікті өрт сөндіру жасағы (10 қызметкер) жұмылдырылды. Келтірілген шығын, кінәлі адамдар анықталу үстінде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда көпқабатты үйде өрт шығып, 25 адам эвакуацияланды.