Халықаралық әуежайда оқ атылғанын Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі растады
Елордадағы «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайында оқ атылғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әлеуметтік желілерде «3 желтоқсан күні «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайының Ұшу сапарларын өрттен және апаттан құтқаруды қамтамасыз ету қызметінің ғимаратында авиациялық қауіпсіздік қызметі инспекторы қару тексеріп жатқанда қару өздігінен атылып кетіп, үш инспектор жарақат алды», - деген ақпарат тарады.
Халықаралық әуежайда оқ атылғанын Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.
«Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 114-бабы 3-бөлігі бойынша (денсаулыққа абайсызда жарақат келтіру) Нұр-Сұлтан қаласындағы әуежайдың полиция желілік бөлімінің тергеу бойынша бірыңғай реестріне тіркелді. Тергеу жүріп жатыр», - деп хабарлады Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.