Күдікті азамат Еңбекшіқазақ ауданында тіркеуде тұрған Өзбекстан елінің 34 жастағы азаматы
Алматы облысы Есік қаласында өзгенің көлігін ұрлап, екі жол-көлік оқиғасын жасады деген күдікке ілінген мас жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Еңбекшіқазақ ауданының полициясына Есік қаласындағы жол-көлік оқиғалары туралы хабар түсті. Тәртіп сақшыларына телефон шалған 19 жастағы жергілікті тұрғын “Фольксваген Гольф” маркалы көлігін белгісіз адамдардың айдап кеткенін жеткізді.
“Күдікті азамат оқиға орнында қолға түсті. Ол Еңбекшіқазақ ауданында тіркеуде тұрған Өзбекстан елінің 34 жастағы азаматы болып шықты. Күдіктінің ішімдік ішіп, бөтен көлікті ұрлап, жол бойындағы өзге екі көлікті соққаны белгілі болды. Нәтижесінде көлік жүргізушілері дене жарақаттарын алып, автокөліктерге айтарлықтай нұқсан келген”, - деді Еңбекшіқазақ ауданы Полиция басқармасының тергеушісі Мақсат Жақсылықов.
Қазіргі уақытта күдікті мекен-жайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды. Қолданыстағы қылмыстық заңнаманың 200-бабының 1-тармағымен қатар осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабының 2-тармағына және ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабына сәйкес іс қозғалды.