Жылқыны көліктің артқы орындығына тиеп алған ұры ұсталды

13.09.2021 17:45

Ол жайылымнан ұрланған малды бірден сойып алмай, алдымен оны сатып алатын адам іздеген

стоп кадр

Шығыс Қазақстан облысының полицейлері мал ұрлығымен айналысатын 31 жастағы тұрғынды ұстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Ол жайылымнан ұрланған малды бірден сойып алмай, алдымен оны сатып алатын адам іздеген.

Ең қызығы, ол жануарларды жеңіл көлікпен, артқы орындыққа сыйғызып әкетіп отырған.

Осындай кезекті ұрлығы кезінде ол полицияның қолына түсті. Полиция көлікті тоқтатқанда салонның артқы орындығына тиелген жылқыны көрді.

Қызметкерлер күдіктіні де, жылқыны да полиция бөліміне жеткізген.

Біраз уақыттан кейін ұрланған жылқының иесі табылды, ол оның жоғалғаны туралы мүлдем білмеген.

Тергеу органы оның өзге де мал ұрлығына қатысы барын анықтады.

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Шаяхметовтың айтуынша, қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып, ұрланған малды сатып алушылар анықталуда.

Күдіктінің үстінен Қылмыстық кодекстің 188-1-бабы (мал ұрлығы) бойынша іс қозғалды. Аталған бап бес жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жазаны көздейді.